Жаңалықтар

Ауыл әкімдері «AMANAT» Саяси менеджмент академиясында оқуды бастады

«AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясы ауыл және ауылдық округ әкімдерін оқыту бағдарламасын бастады. 13-22 маусым аралығында облысымыздағы130дан астам ауыл әкімі халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласындағы біліктілігін жетілдіру курстарынан өтуде.

Партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов бейнеконференция байланысы арқылы Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырған ауыл, ауылдық округ әкімдері мен партияның аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларын оқыту семинарына қатысты. Ол әсіресе, ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.

-Жаңа Қазақстанды құру жағдайында заманауи басқарушыларды даярлаудың жаңа сапалы үлгісі қажет. Олардың біліктілігін арттыру үшін Саяси менеджмент академиясы толыққанды дайындық бағдарламаларын әзірледі.   Осылайша, 500-ден астам ауыл әкімін оқыту басталып кетті. Ал жыл соңына дейін 2 мыңнан астам әкім біліктілік артырады. Оқуды тиімді өткізу үшін Академия тренерлері өңірлерге арнайы барып, офлайн форматта оқытып жатыр. Әкімдердің алған білімдері ең алдымен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға септігін тигізетініне сенімдіміз, – деді Асхат Оралов.

Қазір Ақмола, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының 535 ауыл әкімі оқыту семинарына қатысып жатыр. Жыл соңына дейін еліміз бойынша екі мыңнан астам ауыл әкімі мен партия аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларын оқыту жоспарлануда.

-Бұл оқу курсы ауыл экономикасын дамытуға сеп болары сөзсіз. Өйткені ауыл әкімдеріне ауылдардағы үй шаруашылықтарының табыстарын нақты арттыруға қол жеткізуге, «2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Қатысушылар оқу курсының соңғы күні арнайы тест сынақтарын тапсырып, арнайы сертификаттарға ие болады, – деді партияның облыстық филиалының атқарушы  хатшысы Ербол Данағұлов.

Партияның Саяси менеджмент академиясының консультанты Темірлан Жаужүректің айтуынша, оқыту барысында қатысушылар маркетингтік талдау жүргізуді және ауыл экономикасын көтерудің перспективалық бағыттарын анықтауды үйренеді. Ауылда тиімді бизнес-жобаларды жасау дағдыларын іс жүзінде пысықтауға баса назар аударылады.

Оқу практикалық сабақтармен ұштастырылған. Яғни, семинарға қатысушылар алған білімін – малға азық дайындау, етті, сүтті ірі қара мал өсіру, сұлулық салоны, тігін шеберханасы секілді шағын кәсіп мысалында пысықтайды.

Семинарға қатысушылар алған білімдерінің жемісті болатынына сенеді. Кәсіпкерлікті дамыту дағдыларын меңгеріп, ауылда келешегі бар жобалар болады дейді.

-Ауылдық жердегі шағын бизнестің қандай түрлерін жақсы дамытуға болады, сол бизнес-жоспарды ауыл әкімінің көмегімен кез келген тұрғын қалай құра алады? Осы бағытта білімімізді жетілдіріп жатырмыз. Ауылдың әкімі жұмыспен қамту орталығына немесе Атамекенге бармай-ақ осы арада жақсылап оқып үйреніп алса, жұмыс жасауға ынтасы бар халық нәтиже шығарады деп ойлаймын, – деді партияның Мұғалжар аудандық филиалы атқарушы хатшысы Көмекбай Бектұрғанов.

Мәртөк ауданы, Тәңірберген ауылдық округ әкімі Медет Бекжанов оқудың тиімді болғанын айтады. Яғни мониторингтік талдау жасау, ауыл ішіндегі жеке кәсіпкерлерді қолдау және олардың бизнес-жоспарын дамыту бойынша ақпарат игерген.

Айта кету керек, «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІ Съезінде партия Төрағасы басшыларды даярлау сапасын жақсартуды, бір жолғы семинарлар мен тренингтерден гөрі жүйелі, толыққанды дайындық бағдарламаларына көшуді, сондай-ақ партия активін жергілікті жерлерге барып оқытатын тренингтер өткізуді тапсырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button